Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия отырыстарында Ата заңға қатысты көптеген прогрессивті әрі инновациялық ұсыныстар айтылғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл бастамалар елдің болашағына бағытталған маңызды қадам болмақ.
Оның сөзінше, халықтан түскен ұсыныстарды жүйелеу үшін құрылған комиссия құрамына барлық өңірдің өкілдері, депутаттар, мемлекеттік орган басшылары, заңгер-ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар енген. Қоғамды кеңінен қамтыған мұндай кәсіби әрі жауапты комиссия Қазақстанда бұрын-соңды болмаған.
Сондай-ақ Президент комиссияның 5 отырысы ашық форматта өтіп, тікелей эфирде көрсетілгенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсыныстардың барлығы қазіргі күрделі кезеңде елге бағыт-бағдар беретін, біртұтас Қазақстан халқына қызмет ететін маңызды құжаттың негізіне айналатынына сенім білдірді.
