«ATAMNYN AMANATY» ҰЙЫМЫ -ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ҰЙТҚЫСЫ

«Atamnyn Amanaty» ұйымы — тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын арттыру, жастарға рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбие беру және осы бағытта мемлекетке барынша қолдау көрсетуде ауқымды жұмыстар атқарып келе  жатқан ұйым.

Қазақстан сол соғыста хабар-ошарсыз кеткен азаматтарын іздеуші әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарынан. Майданға кетіп, із-түзсіз жоғалғандардың саны 271 мыңнан асады. Бұл шаруамен 2019 жылдың 19 мамырында құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі айналысады. Содан бері ұйымның ресми сайты, әлеуметтік желілері және байланыс телефондары арқылы хабарсыз кеткендерді іздестіруге 12 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 4500-ден астам қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлері мен жеке бастары анықталған. Майдан даласынан табылған 23 сарбаздың сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, әскери құрметпен салтанатты түрде жерленіпті.

Далалық қазба жұмыстарын жүргізуде біршама тәжірибесі бар еріктілер жасағы Ресейдің Калуга облысы аумағындағы «Батыс майданы, Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына тұрақты түрде қатысып келеді. Бірер жыл бұрын олар  387-ші Ақмола атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында жерлестеріміздің құрметіне ескерткіш-белгі орнатып қайтты.

Айтуларынша, кешегі қан майданда қас дұшпанемен арыстандай айқасқан батырдың бірі – Байбол Рахметов. Зеңбірек көздеушісі болған Сыр перзентінің сүйегі сексен жылдан астам уақыт өткен соң Псков түбінен табылып отыр. Топырақ астынан өзімен бірге көзі тірісінде қаһармандығы үшін алған «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі бірге шықты. Сүйегі Псков облысынан табылған тағы бір боздақ ол — Оңтүстік Қазақстан облысы, Шаян ауданы, Ақбастау ауылында 1921 жылы дүниеге келген Мұсахан Қалмырзаев. Оның да дерегі «Ерлігі үшін» медалінің номері арқылы анықталды. Былтырғы жылдың басты оқиғаларының бірі – осы екі майдангердің елге оралуы деуге болады. 2025 жылдың соңғы күндері олардың сүйегі әскери ұшақпен Қазақстанға жеткізіліп, 80 жылдан астам уақыт сарыла күткен туыстарына табыс етілді. Сосын бірі Түркістан облысында, екіншісі Қызылорда облысында әскери құрметпен жерленді.

 

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің жұмысы алдағы уақытта да жалғаса бермек. «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев атап  көрсеткендей, бұл ата-баба аманатын орындауға, ерлікті ұмытпауға, елдікті ұлықтуға, және ұлт тарихындағы тағы бір ақтаңдақты жабуға бағытталған игілікті іс болып табылады. Өйткені өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мемлекет басшысы айтқандай ортақ парызымыз,-дейді ол.

 Майданда хабар-ошарсыз кеткен туыстарын іздестірем деген адамдар болса бізге төмендегі байланыс телефондары арқылы тегін өтініш бере алады: 8 -776 -828- 45- 35; 8-776- 828- 45- 34; 8 -701- 999- 78 -20, ata.amanaty@gmail.com.    

 

                                                                  

                                                   

Ұқсас жаңалықтар

“Өзі хайп қуған қыз”: Айнұр Жүгінісова ұлы Рүстем мен блогер Эммануэлла арасындағы дауға пікір білдірді

berdaly_oraz

ОТЫРАРДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістанда байдарка мен каноэде есуден ересектер арасында ел чемпионаты басталды