Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарында суды үнемдеп пайдалану бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің жетекшілігімен өткен кеңесте бірқатар аудандардағы ахуал сараланып, белгіленген межелердің орындалуы талқыланды. Басқосуға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
2026 жылға дейін аталған өңірлердегі 77 шаруашылық 7 228 гектар жерге заманауи су үнемдеу жүйесін енгізуді көздеп отыр. Дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда: жер жырту көрсеткіші Мақтааралда – 90 пайызға, Шардарада – 81 пайызға, Жетісайда – 80 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, 22,6 мың гектар аумақта тұздан арылту (сор шаю) шаралары жүргізіліп, суару маусымына дейін толық аяқтау тапсырылды.
Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі ерекше назарға алынды. Әсіресе мақта егісін ұлғайту барысында су үнемдеу әдістерін кеңінен қолдану қажеттігі айтылды. Өткен жылы облыста 114 мың гектар жерге осындай технология енгізіліп, нәтижесінде 195 миллион текше метр су үнемделген. Бұл – өңір үшін айтарлықтай көрсеткіш.
Қазіргі таңда облыста су үнемдеу жабдықтарын шығаратын төрт кәсіпорын бар. Олардың жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы бес компания шаруаларға қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде 4 мың гектардан астам жерді қамту жөнінде келісімдер жасалып, 1 842 гектар алқапты субсидиялау құжаттары рәсімделген.
Жауапты тұлғаларға жоспардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді. Су ресурстары шектеулі өңір үшін мұндай технологиялар – тұрақты аграрлық дамудың негізгі құралы.
