АСТАНАДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 21 ақпанда Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Жиынға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми орта, тәуелсіз сарапшылар және азаматтық қоғам институттары қатысты.

Іс-шараны Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институты бірлесіп ұйымдастырды. Пікірталас ашық форматта өтіп, жаңа Конституция жобасының мазмұны, құқықтық салдары және саяси трансформацияға ықпалы жан-жақты сараланды.

Алғысөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Конституцияны тек нормативтік-құқықтық акт емес, қоғамдағы келісім мен сенімнің негізі ретінде сипаттады. Оның пікірінше, жаңа редакция мүдделер арасындағы тепе-теңдікті нақты айқындап, қазіргі қоғамдық сұраныстарға жауап беретін саяси құрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік кеңесші бұл үдеріс ел дамуының жаңа тарихи кезеңін білдіретінін атап өтті.

Бірінші панельдік сессия саяси жүйені жаңғырту мәселелеріне арналды. Модератор – Жандос Шаймарданов – жаңа модель билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді, өкілді органдардың рөлін күшейтуді және шешім қабылдау сапасын арттыруды көздейтінін айтты. Саясаттанушы Марат Шибутов қазіргі жоба құқықтық реттеу ауқымы мен мазмұны жағынан сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Оның сөзінше, мәселе бұрынғы құрылымды түзетуде емес, ұзақ мерзімді институционалдық негіз қалыптастыруда.

Құқықтық блокқа қатысты пікір білдірген Әділет министрі Ерлан Сарсембаев Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар екенін және оның нормалары ел аумағында тікелей қолданылатынын атап өтті. Ол ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы нақты айқындалатынын айтты.

Қоғам қайраткері Ерлан Смайлов құжаттың экологиялық құрамдасына назар аударып, Преамбулада табиғатты қорғау қағидаты бекітілуі маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл – тұрақты даму ұстанымдарының конституциялық деңгейде көрініс табуы.

Үшінші сессия адам құқықтары мен бостандықтарын жүйелі бекіту мәселесіне арналды. Модератор Мадина Нұрғалива жаңа Конституция жобасы мемлекеттің даму логикасын «адамға бағдарланған» модельге негіздейтінін айтты. Мәжіліс депутаты, профильдік комитет төрайымы Снежана Имашева жаңа нормалар заңнаманың ауқымды массивін қайта қарауды талап ететінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ «қоғамның моральдық негіздері» мен «қоғамдық тәртіп» ұғымдарының мазмұнын түсіндіре отырып, мұндай шектеулердің халықаралық тәжірибеде де бар екенін атап өтті. Бұл ретте ол халықаралық құқықтық актілерге сілтеме жасады.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құқық қорғау стандарттарын конституциялық деңгейде бекіту мемлекеттік органдар қызметінде адам құқықтарының басымдығын қамтамасыз ететінін айтты. Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева цифрлық трансформация жағдайында балалардың дербес деректерін қорғау тетіктерін күшейту қажеттігін көтерді.

Сөз бостандығы мәселесіне қатысты Әділ сөз халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, жаңа жобаның құқықтық әлеуетін бағалады.

Жалпы алғанда, сараптамалық алаң кәсіби талқылаудың жоғары деңгейін көрсетті. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының институционалдық орнықтылықты күшейтіп, құқықтық мемлекет қағидаттарын нақтылай түсетініне назар аударды. Сарапшылар қауымдастығының кеңінен қатысуы құжатты жан-жақты сараптап, қоғамдық пікірді ескеру тетіктерінің ашықтығын айқындады.

Ұқсас жаңалықтар

Сөгіс естіген көлік министрлігі ішкі тексеріс жұмыстарын жүргізеді

Альфия Адамбек

Түркістан: Келесте жібек құртын өндіру жобасы іске қосылады

Кентау — экологиялық аймақ мәртебесіне ие болды