Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне үнемі басымдық береді. Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басшылығымен шаруаларды кооперативтерге біріктіру, жем-шөп өндірісін жақсарту, мал өнімін өңдеу және сату тізбегін қалыптастыру, ветеринарлық бақылауды күшейту және субсидиялау жүйесін цифрландыру бойынша нақты іс-шаралар жүргізілуде.
Жүйелі жұмыстар нәтижесінде облыс республикада мал шаруашылығы бойынша көшбасшы болып отыр. Ірі қара малдың 14%-ы (1 105,1 мың бас), ұсақ малдың 22%-ы (4 432,2 мың бас), жылқының 11%-ы (492,9 мың бас) және түйенің 14%-ы (40,9 мың бас) Түркістан облысына тиесілі. 2025 жылы өңірде 130,5 мың тонна ет, 474,4 мың тонна сүт және 265,4 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Бұл тұрақты дамудың арқасында ет экспортының әлеуеті артты. 2025 жылы 30 мың тонна ірі қара мал еті және 32 мың тонна қой еті шетел нарығына жөнелтіліп, жалпы 60 мың тоннадан астам өнім экспортталды. Айта кетерлігі, республикадағы ірі қара мал етінің 80%-ы және қой етінің 75%-ы Түркістан облысының үлесінде.
Мал қыстату науқанына дайындық аясында 5,2 млн тонна мал азығы жиналып, жоспар толық орындалды: сабан – 376,3 мың тн, пішендеме – 236,6 мың тн, шөп – 4 380,3 мың тн, сүрлем – 206,6 мың тонна. Жауын-шашын аз болғандықтан, табиғи жайылымдардың өнімділігі төмендеді. Сол себепті облыс әкімдігі Солтүстік Қазақстан облыстарынан бидай мен кебек жеткізіп, шаруаларға нарық бағасынан 20-30% төмен бағада ұсынды.
Облыстағы жалпы 225 шаруа қожалыққа 910 тонна малазықтық бидай үлестірілді: Созақ ауданы – 221 т, Бәйдібек – 251,7 т, Төлеби – 259,2 т, Түлкібас – 124,6 т, Арыс қаласы – 23,5 т, Отырар – 30 т.
Экспортты ұлғайту мақсатында ет кластері жаңа бағытта дамытылуда. «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro» және «Бесқара» ет өндіру кешендері іске қосылып, қосымша 35 мың тонна ет шығарылады. Сондай-ақ, Австралия тәжірибесі бойынша Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Заманауи мал биржасы құрылуда. Сонымен қатар жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабриканың құрылысы басталды.
Бұл жұмыстар Түркістан облысының мал шаруашылығы мен ет экспортын дамытуда ел экономикасына елеулі үлес қосуда.
