1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Жаңа Конституцияның қолданысқа енуінен бастап мемлекеттік қызмет, құрылыс саласы, цифрлық төлемдер мен білім беру жүйесіне қатысты жаңашылдықтар іске қосылады.
Ең маңызды өзгеріс – республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның күшіне енуі. Осылайша, 1995 жылғы Ата заң өз күшін жояды. Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау, аумақтық тұтастықты нығайту, ғылым, білім және инновацияны дамыту сияқты басым бағыттар айқындалған. Сонымен қатар Вице-Президент институты құрылып, бір палаталы Парламент – Құрылтай жасақталады. Елдегі қоғамдық диалогты дамыту үшін жаңа консультативтік орган – Халық кеңесі де жұмысын бастайды.
1 шілдеден бастап «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң да қолданысқа енеді. Құжат мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруды көздейді. Заңда алғаш рет «мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі» ұғымы енгізіліп, икемді жұмыс кестесі мен толық емес жұмыс уақыты қарастырылған. Сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс пен отбасы жағдайларына арналған қысқа мерзімді демалыстар беріледі.
Құрылыс саласында да ауқымды өзгерістер болады. Жаңа Құрылыс кодексі күшіне еніп, құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Барлық құрылыс жобалары міндетті сараптамадан өтеді, инженерлер кезең-кезеңімен сертификатталады, ал лицензияларды электронды түрде тексеру жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сай Ұлттық техникалық нормалау институты құрылмақ.
Сол күннен бастап мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізудің жаңа қағидалары енгізіледі. Бұл жүйе құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, жер қатынастары және әлеуметтік нысандар туралы ақпаратты бірыңғай форматта жинап, өңдеуге мүмкіндік береді.
Ал 19 шілдеден бастап елімізде QR төлемдердің бірыңғай банкаралық жүйесі іске қосылады. Жаңа жүйе арқылы кез келген банктің мобильді қосымшасымен төлем жасауға болады. Бұл кәсіпкерлерді бірнеше POS-терминал орнату қажеттілігінен құтқарып, тұтынушылар үшін де төлем процесін жеңілдетеді.
Бұдан бөлек, 13–20 шілде аралығында жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім гранттарына конкурсқа қатысу үшін өтінім қабылдау басталады. Құжаттарды ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ онлайн форматта және eGov порталы арқылы тапсыруға болады.
