АЛАЯҚТАРДЫҢ АЙЛАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСПАДЫ: ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙ 5 МЛН ТЕҢГЕНІ САҚТАП ҚАЛДЫ

Қызметтен тыс уақытта қырағылық танытқан полицей 59 жастағы әйелді алаяқтардың арбауынан құтқарды.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында полиция қызметкері алаяқтардың құрбаны бола жаздаған әйелге дер кезінде көмектесіп, оның 5 миллион теңгесінен айырылып қалуының алдын алды. Қырағылық танытқан тәртіп сақшысы бұл жолы қызметтен тыс уақытта әрекет еткен.

Полиция қызметкері Шерхан Қалтұрсын банк терминалының алдында күмәнді қаржылық операция жасауға дайындалып жатқан әйелді байқап, мән-жайды анықтауға кіріскен. Сөйлесу барысында 59 жастағы тұрғынның телефон алаяқтарының арбауына түскені белгілі болды.

Алаяқтар алдымен әйелге телефон шалып, туыстарына пошта арқылы сыйлық келгенін айтқан. Кейін оның сеніміне кіріп, телефонына келген растау кодын сұрап алған. Осыдан соң әйелдің атына 5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өз есепшоттарына аудартуға әрекет жасаған.

Алаяқтардың сөзіне сенген әйел олардың нұсқауын орындау үшін банкке барған. Алайда жағдайдың күмәнді екенін аңғарған Шерхан Қалтұрсын оған алаяқтардың айласына тап болғанын түсіндіріп, қаржылық операцияны тоқтатуға көмектескен.

Осылайша, 5 миллион теңге алаяқтардың қолына түспей, әйел ірі қаржылық шығыннан аман қалды.

Бұл оқиға полиция қызметкерінің қызметтік міндетінен тыс уақытта да азаматтардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, дер кезінде шешім қабылдағанын көрсетті.

Полиция ескертеді: телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді бермеңіз. Егер сізді асықтырып, несие рәсімдеуге немесе ақшаны басқа шотқа аударуға үгіттесе, әңгімені тоқтатып, банкпен немесе полициямен дереу хабарласыңыз.

Алаяқтардың басты қаруы – сенімге кіру. Сондықтан қаржылық қауіпсіздік үшін әрбір қадамды мұқият тексеру маңызды.

Ұқсас жаңалықтар

Отбасылық жанжал – құқықтық жауапкершілік

Redaktor Arysinfo

Қазақстан азаматтарына жақсы жаңалық: шетелде тұрса да зейнетақы төленеді

Redaktor Arysinfo

«Нашақорлық – ғасыр дерті»: Түркістанда жастармен маңызды кездесу өтті

Redaktor Arysinfo