Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың өкімімен Арыс қалалық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметіне Шойнахов Қуаныш Әбдіхалықұлы тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға таныстырған қала әкімі оның алдағы уақытта бөлімнің стратегиялық міндеттерін тиімді әрі сапалы жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Қуаныш Әбдіхалықұлы 1983 жылы Арыс қаласында дүниеге келген. 2004 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Заңтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2005 жылы Арыс қаласының Қаржы бөлімінде бас маман міндетін уақытша атқарушы ретінде бастаған. Кейін бюджеттің орындалуын ұйымдастыру секторының меңгерушісі қызметін атқарып, қаржы саласында тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар Арыс қаласы әкімінің аппаратында заң кеңесшісі және бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарған.
2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін Арыс қалалық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметінде болды. Жаңа лауазымда ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру және бюджеттік саясатты тиімді іске асыру бағытында жұмыс жүргізеді деп күтілуде.
