Арыс қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz порталы
Жиынды Арыс қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ерғали Қуандық жүргізді.
Күн тәртібінде балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету және тәрбиелік бағыттағы жұмыстардың орындалуы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері Ұлжарқын Халбаева баяндама жасап, 2024-2025 оқу жылында атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Ол мекеме тәрбиеленушілерінің білім алуына, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуына жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар балалардың әлеуметтенуіне бағытталған жаңа жобалардың нәтижесі де таныстырылды.

Жиында балаларға құқықтық көмек көрсету жайы да сөз болды. Бұл тақырыпта аталған мекеменің әлеуметтік педагогы Әлия Абсалиева сөз алып, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, мекемеде тұрақты түрде құқықтық сабақтар, психологтардың қатысуымен әңгімелер мен тренингтер ұйымдастырылады.
Жиын барысында комиссия мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша пікір алмасып, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Комиссия төрағасы Ерғали Қуандық қорытынды сөзінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі екенін айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
