Арыс қаласында тұрғындар көтерген маңызды мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соның бірі – балалардың мектепке қатынау жолындағы қауіпсіздік еді.
Бұған дейін ата-аналар №2 С.Нұрмағанбетов атындағы жалпы орта мектепке барып-қайтатын оқушылардың жолы қауіпті екенін айтып, арнайы жаяу жүргіншілер жолын салуды сұраған болатын. Әсіресе Төле би көшесінен мектепке дейінгі аралықта балалардың көлік қозғалысы көп жолды кесіп өтуіне тура келген. Бұл оқушылардың өміріне қатер төндіретін басты мәселе еді.
Осы өтінішті ескерген қала әкімдігі арнайы жобаны қолға алды. Нәтижесінде аталған бағытта жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынып, пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда аяқжол құрылысы аяқталып, мектепке қатынайтын балалар мен тұрғындар үшін жол жүру әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз болды.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындармен кездесуде халықтың өтініш-тілектері назардан тыс қалмайтынын, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты орында тұратынын атап өтті.
Жаңа аяқжолдың салынуы – қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған жобалар жүзеге аса бермек.
Ораз Бердалы
