Арыс қаласының тұрғындары бұл сенбіде де туған өлкесінің тазалығы мен көркіне үлес қосуға белсене кірісті. Көктемгі көркейту мен абаттандыру маусымының қарқыны бәсеңдемей, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Шараға мемлекеттік мекемелерден бастап, қарапайым қала тұрғындарына дейін жұмыла қатысты. Ең алдымен, Арыс-Шымкент, Арыс-Монтайтас және Арыс-Байырқұм бағытындағы күре жолдардың бойы күл-қоқыстан аршылып, көркейту жұмыстары жүргізілді.
Қала 17 секторға бөлініп, әр секторға жауапты мекемелер мен ұйымдар жүктелген міндеттерін жүйелі түрде атқарды. Аумақтардағы арықтар мен бос жерлер тазартылып, ағаштар әктеліп, гүлзарлар ретке келтірілді. Жүздеген қап қоқыс шығарылғаны — тұрғындардың ортақ іске деген жанашырлығының айғағы.
Арыс қаласының әкімдігі қала тұрғындарына алғысын білдіре отырып, экологиялық мәдениетті жоғары деңгейде ұстануға және тазалықты сақтау жолында белсенді болуға шақырады. Ескертеміз: тазалық талабын елемегендерге қатысты мобильді топ тарапынан әкімшілік шаралар қарастырылады.