Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Мәдениет үйінде тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Бұған дейін шаһар басшысы алты ауылдық округті аралап, халықтың өзекті мәселелерін тыңдаған болатын. Бұл жолғы жиында атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.

Әкімнің айтуынша, биыл қала мен ауылдық округтерде бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқан. Көптеген бастамалар тұрғындардың ұсыныстары негізінде қолға алынған. Өткен кездесулерде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Атап айтқанда, Тараз тұрғын ауданында «Келешек» мектебіне апаратын үш көшеге асфальт төселген. Отырар тұрғын ауданындағы жаңа білім нысанына баратын жол жөнделіп, Ақмұрзаев (Махалля) көшесіндегі бес тұйық көшеге сапалы жол салынған. Қалау датқа (Мехколонна) шағын ауданындағы көшелерді толық асфальттау жұмыстары биыл аяқталмақ. Сонымен қатар, Ақдала ауылдық округінде үш, Қожатоғайда екі көшеге асфальт жабындысы төселді. Жалпы, жыл басынан бері қала мен округтерде шамамен 20 көше жөнделіп, 10-нан астам көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Қалаға кіреберіс Аркадан орталыққа дейінгі 10 шақырымдық жол мен 30-дан астам көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Тұрғындардың өтінішімен Ардагер, Елетов, Мақатаев көшелеріне, сондай-ақ «Арыс–Монтайтас» облыстық маңызы бар жол бойындағы Аршабай, Қабылсай, Ақтас елді мекендеріне жасанды жол кедергілері қойылған.
Кездесу барысында қала басшысы жол және инфрақұрылым жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес, бюджет мүмкіндіктеріне қарай жалғасатынын айтты. Тұрғындар сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Әкім әр мәселе заң аясында қаралатынын, бірқатар түйткілдер жеке зерделеніп, қаржыға қарай шешілетінін атап өтті.
