Арыс қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Отырар шағын ауданында салынып жатқан бір қабатты, екі пәтерлі 35 тұрғын үй (70 пәтер) бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құрылыс алаңына арнайы барып, мердігерлермен кездесіп, жұмыстардың барысын бақылады. Шаһар басшысы үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән беруді ескертті.
Салынып жатқан пәтерлердің әрқайсысы 60 шаршы метрді құрайды+ және іргесінде 6 соттық ауласы болады. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жаңа үйлердің шатырлары жабылып, терезелері орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталаған соң, мемлекет қорына сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз (жалға) берілетін болады.
Айта кетейік, бүгінде қаланың кіреберісіндегі Барыс шағын ауданында да бес қабатты екі үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның құрылысына осы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар жергілікті инвестор тартылған.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


