Арыста 22 батыр ана мемлекеттік наградамен марапатталды

Арыс қаласында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Қала әкімдігінде ұйымдастырылған жиында 22 анаға мемлекеттік наградалар – «Күміс алқа» және «Алтын алқа» белгілері табысталды.

Жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында 19 ана «Күміс алқа», ал 3 ана «Алтын алқа» иегері атанды. Марапаттарды Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев салтанатты түрде табыстап, аналарды шын жүректен құттықтады.

Қала басшысы өз сөзінде ана еңбегінің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтіп, көпбалалы аналардың ұлт болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз үлесіне тоқталды.

– Ана – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Мемлекеттің көпбалалы аналарға көрсетіп отырған құрметі – олардың ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді Қайсар Маңқараев.

Салтанатты жиын соңында марапат иелері өздеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті. Шара отбасы құндылықтарын дәріптеп, аналардың қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс – Түркістан бағытында жолаушылар пойызы ер адамды қағып кетті — дереккөз

berdaly_oraz

Шымкентте микроклиматты жақсарту үшін ирригациялық жүйелер тиімді іске қосылуда

berdaly_oraz

Түркістанда IT университетінің құрылысы аяқталуға жақын: министр Саясат Нұрбек нысанды аралады

berdaly_oraz