2025 жылғы 25 сәуірде Арыс қаласында терроризмге қарсы бағытталған «Арыс-Антитеррор-2025» атты жедел-тактикалық оқу-жаттығу шарасы өтеді. Бұл жаттығу — террорлық қауіп-қатерлердің алдын алу мен оларға жедел әрекет етуге арналған жүйелі дайындықтың бір бөлігі.
Іс-шара барысында Арыс қаласының терроризмге қарсы жедел штабы мен оның құрамындағы жедел топтар террористік актілердің алдын алу, тосқауыл қою және жедел әрекет ету бағытында өздерінің кәсіби машықтарын пысықтайды. Сонымен қатар, жаттығу кезінде төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет етуші күштер мен құралдарды хабарландыру, шоғырландыру және межелі орынға жеткізу тетіктері тексеріледі.
Жаттығу барысында қала аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кейбір көшелерде қозғалыс шектелуі мүмкін. Осыған байланысты ұйымдастырушылар қала тұрғындарынан түсіністік танытуды және уақытша келтірілетін қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайтынын мәлімдеді.
Аталған оқу-жаттығу шарасы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.