Арыста “Халық заңгері” республикалық акциясы өтті,деп жазады Арысинфо.кз
Арыс қаласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған “Халық заңгері” республикалық акциясы ұйымдастырылды. Қала әкімдігі аппараты ғимаратында өткен шара барысында тұрғындарға жедел әрі сапалы заң көмегі көрсетілді.
Іс-шараға тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен медиаторлар, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Олар жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, жылжымайтын мүлік, әлеуметтік көмек, алимент, зейнетақы, еңбек даулары және басқа да мәселелер бойынша кеңес берді.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – құқықбұзушылықтардың алдын алудың басты жолы, – деп атап өтті акцияға қатысушылар. Сонымен қатар, шара халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың мемлекеттік органдар қызметі туралы нақты ақпарат алуына ықпал етті.
Аудан тұрғындары мұндай пайдалы кездесулердің тұрақты түрде өтіп тұруын қолдайтындарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.