АРЫСТА ҚОҚЫС ТАСТАҒАНҒА — БЕЙНЕБАҚЫЛАУ, ТАЗАЛЫҚҚА — ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

Арыста тазалық мәселесіне талап күшейіп келеді. Қала аумағы 17 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мемлекеттік мекемелер бекітілген. Енді атқарылған жұмыс қана емес, тазалық талаптарын бұзған азаматтардың әрекеті де жіті бақылауға алынбақ.

Бұл мәселе Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың сектор топбасшыларымен өткен жиынында талқыланды. Жиында шаһардағы санитарлық жағдай, секторлар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және тұрғындар тарапынан орын алған тәртіп бұзушылықтар қаралды.

Қала басшысы тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Осыған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтумен қатар, нақты бақылау шараларын арттыруды тапсырды.

Әсіресе қоқысты белгіленбеген орындарға тастау фактілерінің алдын алу басты назарда. Полиция мен әкімдік қызметкерлерінің бірлескен рейдтері күшейтіліп, қаладағы бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушыларды анықтау көзделіп отыр.

«Тазалықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарымен қатар нақты бақылау болуы керек. Қала аумағында орнатылған бейнебақылау камераларының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, қоқысты белгіленбеген жерге тастайтын азаматтарды анықтау қажет. Заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қабылдансын», – деді Қайсар Маңқараев.

Ендігі міндет – әр сектордағы тазалықты тұрақты бақылау, кемшілікті дер кезінде жою және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру. Таза қала тек тазалаушының еңбегімен емес, әр азаматтың тәртібімен қалыптасады.

Жиын қорытындысында сектор топ басшыларына бекітілген аумақтардағы тазалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою тапсырылды.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік дәрігерлер комаға түскен науқасты аман алып қалды

Альфия Адамбек

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨРЕНІ АЗАМАТ МАҚҰЛБЕКОВ ЖАҢА РЕКОРД ОРНАТТЫ

Redaktor Arysinfo

Журналист Думан Мұхамедкәрімнің ісін Бас прокуратура қайта тексермек

berdaly_oraz