Түркістан облысының экономикасында өсім бар. Жыл басынан бері өңір қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Ал биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 121,9 пайызға жетіп, Түркістан облысы республикада 1-орынға шықты.
Бұл туралы 16 қыркүйекте өткен Түркістан облыстық мәслихатының кезекті 26-сессиясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Сегізінші шақырылымдағы сессияда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 20 мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыс әкімінің және ветеринария, білім, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары салаларына жауапты басқарма басшыларының есептері тыңдалды.
Қазығұрт және Түлкібас аудандарының әкімдері өз өңірлеріне республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының бағыттары туралы есеп берді. Сонымен бірге бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді.
Сессия қорытындысында облыс әкімі экономикалық өсімнің жоғары көрсеткішін жүйелі жұмыстың нәтижесі деп атап өтті.
«Биылғы 8 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 121,9 пайызды құрап, облысымыз республикада 1-орынға шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың және өңірдің әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі», – деді Нұралхан Көшеров.
Алайда жоғары көрсеткіш – жұмыстың аяқталғанын емес, жаңа міндеттердің басталғанын білдіреді. Ендігі жерде басты мәселе – экономикалық өсімнің тұрақтылығын сақтау, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асыру, сондай-ақ бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз ету.
Облыс әкімі әрбір бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте экономикалық көрсеткіштің нақты нәтижесі тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасынан көрінуі маңызды.
Сессия соңында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Өңірдің даму қарқынын сақтап, қол жеткізілген нәтижені одан әрі арттыру міндеті алға қойылды.
