АРЫСТА ҚЫСҚЫ МАУСЫМДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Арыс қаласында жылыту маусымында жиі кездесетін улы газбен улану және өрт шығу деректерінің алдын алу мәселелері талқыланды. Қауіпсіздік шараларын күшейтуге арналған бұл жиын қала әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен өтіп, оған әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, төтенше жағдайлар қызметі, газ-техникалық инспекция мамандары, теміржол құрылымдары мен бірқатар сала жетекшілері қатысты.

Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі газбен қамтылғанымен, қатты отын жағып отырған үйлер де аз емес. Осыған байланысты әкімдік қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін арнайы жұмыс тобын құрған. Құрамына төтенше жағдайлар, полиция, газ инспекциясы және коммуналдық мекемелердің мамандары кіретін топ көпқабатты үйлер мен жеке секторды аралап, пештердің, газ қондырғыларының жағдайын тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізуде.

Жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ауезхан Бейсенов пен «Арыс қалалық Газ-техникалық инспекциясы» КММ директоры Бағлан Төрехан есеп берді. Олар соңғы аптада атқарылған профилактикалық жұмыстарды, анықталған кемшіліктерді және оларды жою бағытындағы шараларды баяндады. Әсіресе, түтін мұржаларының бітелуі, пештердің жөнделмегендігі және газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбау ең жиі кездесетін қауіп факторы екені атап өтілді.

Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігіне назар аударылып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіретін жадынамалар тарату, әлеуметтік желілер мен жергілікті телеарналар арқылы ақпараттық роликтерді күшейту қажеттігі айтылды.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев қорытынды сөзінде қысқы уақытта қауіпсіздік талаптарына салғырт қарауға болмайтынын қадап айтты. Ол барлық жауапты мекемелерге рейдтерді тоқтатпай, тәуліктік мониторинг жүргізіп, кез келген күдікті жағдайға жедел әрекет етуді тапсырды. Әкім жыл сайын орын алатын тұрмыстық өрттер мен газдан улану деректерінің алдын алу тұрғындардың да, мемлекеттік қызметтердің де ортақ міндеті екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

БЕЛДІ БІЛІМ ОРДАСЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН РЕФЕРЕНДУМ ЖАЙЫ КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ

berdaly_oraz

Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 7 жылда 3 есе өсті

Түркістандық спортшы асық атудан ел чемпионы атанды