«Таза Қазақстан» – тазалық пен жауапкершілікке үндейтін ортақ бастама. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалықты сақтау және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, табиғатты қорғау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, жастар және қала тұрғындары белсенді қатысуда.
Дегенмен, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, кейбір азаматтардың тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекет қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, елді мекеннің санитарлық және көріктендіру жағдайына кері әсер етеді.
Осыған байланысты «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Түркістан облысы Арыс қаласы тұрғындарына қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға тастау қажеттігі ескертіледі. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау – заң талаптарын бұзу болып табылады және кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Азаматтарға түсіндіру жұмыстарын Арыс қаласы әкімдігі қолға алып, орталық базар маңында рейдтік шараларды жалғастырды. Өз кезегінде олар әрбір сауда дүңгіршектерінің иелерімен сөйлесіп, айналаны таза ұстау қажеттігін айтты.
Қала әкімдігі мұндай рейдтік және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Тазалықты сақтау – тек арнайы қызметтердің жұмысы емес. Әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің және қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, қоршаған ортаға деген тұрақты жауапкершілік мәдениеті.
Туған жеріміздің таза әрі көрікті болуы – өз қолымызда. Табиғатты аялау, қоқысты бейберекет тастамау және тазалыққа үлес қосу арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдырамыз.
