Қайсар Маңқараев Монтайтас ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Басқосуда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Ең бастысы – халықтың ұсыныс-пікірлері тікелей тыңдалды.
Кездесуде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым бағытындағы өзгерістерге ерекше тоқталды. Тұрғындардың сұранысына сай, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Монтайтас ауылында тозығы жеткен ауыз су желілері толық жаңартылып, жоба аяқталды. Бұл ауыл халқын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашты.
Сонымен қатар Бақырша ауылында Арғынбай құдығының су жүйесіндегі ескірген тетіктер ауыстырылды. Ал №42 разъезд бен Қабылсай ауылында ішкі ауыз су желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Өтпелі жоба ретінде қарастырылған бұл нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. Монтайтаста мал тоғыту ваннасының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бұдан бөлек, елді мекенде өрт сөндіру бекетін ашуға арналған ғимарат жөнделіп жатыр. Жоспар бойынша нысан наурыз айында пайдалануға беріледі.
Спорт саласында да серпін бар: Монтайтас ауылындағы футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Ал жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында Арыс–Монтайтас бағытындағы облыстық маңызы бар тас жол бойындағы бірқатар елді мекен тұсына жасанды жол кедергілері орнатылды. Шағыр ауылында күн энергиясымен жұмыс істейтін заманауи көше шамдары қойылды.
