Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – мектеп пен ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Арыс қаласындағы №32 Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектепте ата-аналармен маңызды кездесу өтті.
Жиын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы «Заң және тәртіп» қағидатына арналды. Кездесуде жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы, мектептің ішкі тәртіп талаптарын сақтау және ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі кеңінен сөз болды.
Жиынға Арыс қаласы Отбасын қолдау орталығының директоры Сырлыбек Мұсабеков, Арыс қалалық полиция басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты М. Шайзанда, ата-аналар комитеті мен Қамқоршылық кеңесінің өкілдері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қатысты.
Мамандар ата-аналарға баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, оның мінез-құлқы мен араласатын ортасына назар аударудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар бала мен ата-ана арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынас құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды фактор екені айтылды.
Баланың қауіпсіздігі тек мектеп қабырғасындағы бақылаумен шектелмейді. Жасөспірімнің тәрбиесі мен мінез-құлқына ата-ана, мектеп және қоғам бірлесе жауапкершілікпен қарағанда ғана оң нәтиже қалыптасады.
Ал қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жасөспірімдерге Арыс қаласы Отбасын қолдау орталығы психологиялық, құқықтық және әлеуметтік бағыттар бойынша қажетті көмек көрсетуге дайын.
Құқықбұзушылықтың алдын алу – салдармен күресу емес, оның себептеріне ерте ден қою. Сондықтан мұндай кездесулердің басты мақсаты – жазалау емес, баланы қауіптен қорғау, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және жасөспірімнің құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
