Бір кезде қазақ баласының алғашқы ұстазы әжесі еді. Әжесі ертегі айтатын, анасы бесік жырын тербететін, атасы батасын беретін. Бүгін бәрі өзгерді. Қазіргі баланың алғашқы ұстазы да, тәрбиешісі де, серігі де – телефон.
Таңертең көзін ашқан бүлдіршін ең алдымен анасына емес, экранға қарайды. Кешке ұйықтар алдында атасының әңгімесін емес, YouTube-тағы видеоны тыңдайды. Оның сүйікті кейіпкерлері Алдар көсе мен Тазша бала емес, шетелдік блогерлер мен анимациялық кейіпкерлер. Бұл – уақыт талабы дейміз. Бірақ осы өзгерістің астарында үлкен қауіп жатыр.
Өкінішке қарай, біз балаларға қызық болатын контент жасауда әлі де артта қалып келеміз. Әлемдік жобалардың жетістігі кездейсоқ емес. Олардың артында үлкен зерттеу, кәсіби команда және баланың психологиясын терең түсіну жатыр. Ал біз көбіне тәрбиелік мәні бар дүниені қызықты контентпен шатастырып аламыз.
Егер бүгін қазақ тілі TikTok-та, YouTube-та, ойын платформаларында және жасанды интеллект жүйелерінде толыққанды қолданылмаса, ертеңгі ұрпақ қазақша сөйлегенімен, қазақша ойлай алмайтын жағдайға жетуі мүмкін.
Егер біз қазақ тілін экранға шығара алмасақ, ертең экран біздің тілімізді өмірден ығыстырып шығаруы мүмкін.
