Интерактивті тақта, виртуалды зертхана мен микроскоптар – оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, білімін тәжірибемен ұштастыруға жол ашады.
Бүгінгі білім беру жүйесінде басты міндет – оқушыға дайын ақпаратты меңгертумен шектелмей, оның ізденуіне, зерттеу жүргізуіне және өз бетінше қорытынды жасауына мүмкіндік беру. Бұл ретте заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттерінің маңызы зор. Арыс қаласындағы Абылай Тілеубердин атындағы орта мектепте биология пәніне арналған жаңа кабинет жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалды.
Қазақстан халқына қорының қолдауымен ашылған кабинет биология пәнін оқытудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға бағытталған. Мұнда заманауи интерактивті тақта, виртуалды зертханалық жұмыстарды көрсетуге арналған құралдар, микроскоптар, тақырыптық стендтер мен түрлі көрнекіліктер қарастырылған. Сонымен қатар оқушылардың сабақ барысында жайлы отыруына арналған парталар мен орындықтар қойылып, мұғалімнің тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.
Биологияны оқып қана қоймай, зерттеп үйренеді. Жаңа кабинеттің басты ерекшелігі – оқушылардың пәнді тәжірибе арқылы меңгеруіне мүмкіндік беруінде. Әсіресе микроскоптардың болуы балалар үшін ерекше қызығушылық тудырады. Оның көмегімен оқушылар жай көзге көрінбейтін микроағзалар мен ұсақ құрылымдарды үлкейтіп бақылап, тірі табиғаттың күрделі әлемімен жақынырақ таныса алады.
Мұндай зерттеу жұмыстары оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың байқағыштығын, ойлау қабілетін және ғылыми ізденіске деген қызығушылығын дамытуға ықпал етеді. Бала өзі бақылаған құбылысты түсінуге тырысып, сұрақ қойып, жауап іздейді. Осылайша, білім алу үдерісі қызықты әрі нәтижелі бола түседі.
Виртуалды зертханалық жұмыстар да оқу үдерісіне жаңа серпін береді. Интерактивті тақта арқылы биологиялық үдерістерді көрнекі түрде түсіндіруге, күрделі тақырыптарды жеңіл меңгертуге мүмкіндік бар. Бұл мұғалімнің сабақты мазмұнды ұйымдастыруына көмектессе, оқушының тақырыпты терең түсінуіне жағдай жасайды.
«Оқушылардың пәнге қызығушылығы артып келеді». Мектептің биология пәні мұғалімі, сегіз жылдық еңбек өтілі бар Жазира апайдың айтуынша, жаңа кабинет ұстаздар мен оқушылар үшін тиімді білім беру ортасына айналған.
«Кабинеттегі заманауи интерактивті тақталар сабақ өткізуге өте ыңғайлы. Оқушылар виртуалды зертханалық жұмыстарды көріп, тақырыптарды жақсырақ түсінеді. Микроскоптар арқылы микроағзаларды бақылап, биология әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік алады. Осындай құралдар балалардың қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді қатысуына ықпал етеді. Мұғалім үшін де жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Көрнекіліктердің көптігі мен қажетті жабдықтардың болуы сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі», – дейді Жазира апай.
Кабинет қабырғаларындағы арнайы стендтерде биология пәніне қатысты мәліметтер орналастырылған. Олар оқушылардың теориялық білімін толықтырып, өтілген тақырыптарды қайталауына және жаңа ақпаратты есте сақтауына көмектеседі. Ал заманауи жабдықтардың оқу материалдарымен үйлесуі сабақтың мазмұнын байыта түседі.
Білімге салынған инвестиция – болашаққа жасалған қадам
Мектептегі осындай жаңашылдықтар білім беру ортасын жақсартып қана қоймай, жас ұрпақтың ғылымға деген көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді. Өйткені зертханалық тәжірибе арқылы бала табиғат құбылыстарын тереңірек түсініп, ғылыми ойлауға дағдыланады. Бүгін микроскоп арқылы микроағзаларды бақылаған оқушы ертең биология, медицина, экология немесе басқа да ғылыми бағыттарға қызығушылық танытуы мүмкін.
Қазақстан халқына қорының қолдауымен жабдықталған кабинет – оқушылардың білім алуына жаңа мүмкіндік беретін игі бастамалардың бірі. Мұндай жағдайлар мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, ал оқушының қабілетін ашып, білімін тәжірибемен толықтыруына жол ашады.
Сапалы білім – ел болашағының негізі. Ал сол білімді заманауи құралдармен ұштастырып, оқушыны ізденіске баулу – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қадамы. Арыстағы жаңа биология кабинеті осы мақсатқа қызмет етіп, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
