Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Бір күннің ішінде еліміздің бес өңірінде күрделі жөндеуден өткен 9 теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Атырау облысында Мақат, Сағыз және Доссор стансаларындағы теміржол вокзалдарының реконструкциясы толық аяқталып, жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Жаңғырту барысында вокзал ғимараттары заман талабына сай жаңартылып, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған барлық қажетті жағдай жасалды.
Сондай-ақ жаңғыртылған вокзалдар қатарында Түркістан облысындағы «Арыс-2» теміржол вокзалы да бар. Бұдан бөлек, еліміздің өзге өңірлеріндегі бірнеше вокзал пайдалануға беріліп, жалпы саны тоғыз нысан ел игілігіне тапсырылды.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған. Жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердің көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.
