Депутаттар Сайрам ауданындағы жол құрылыстарымен танысты

Түркістан облысында автокөлік жолдарының сапасын арттыру, инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуын қадағалау – халық қалаулыларының басты назарында. Осы мақсатта облыстық мәслихат депутаттары Сайрам ауданында салынып жатқан бірқатар жол нысандарының құрылысымен танысты.

Делегацияны Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастап барды. Онымен бірге депутаттар Сұлтан Көшенов, Нұржан Әшіров, Жаңабай Ағабеков, Ғабиден Қапалбаев, Төрегелді Қалмұратов, Талғат Қаржауов, Сайдирасулхан Ералиев, Қанат Нышанов және Жамшидбек Туламетов аудан аумағындағы маңызды жол учаскелерін аралап, құрылыс барысын өз көздерімен көрді.

Халық қалаулыларына облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Жалайыров пен Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков нысандардың жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Аралау барысында депутаттар жол құрылысының сапасына ерекше тоқталды. Олар ауыр жүк көліктерінің жүрісін реттеу, әсіресе тұрғындардың тыныштығы үшін түнгі уақытта қозғалысты шектеу мәселесін көтерді. Сондай-ақ, карьерлерден шыққан жүк көліктерінің дөңгелектерін таза ұстау, жол бойына шаң-тозаң таратпау, көлік ағынын реттеу секілді өзекті мәселелерді шешу қажеттігі айтылды.

Депутаттар сапалы жол – өңір экономикасының дамуы мен халық тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтті. Жол құрылысына жұмсалып жатқан қаражаттың тиімді пайдаланылуы, мердігер ұйымдардың міндеттерін толық әрі уақытылы орындауы – бақылауда болатынын жеткізді.

«Жол – халықтың күнделікті өмірінде шешуші рөл атқаратын инфрақұрылым. Сондықтан біз үшін әрбір нысанның сапасы бірінші орында. Тұрғындардың талап-тілектері де назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық мәслихаттың бақылауында болады», – деді облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов.

Айта кетейік, Сайрам ауданында соңғы жылдары жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар жаңа жолдардың салынуы ауылдар арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жүк тасымалы мен сауда айналымын жандандыратынын айтады. Алайда кейбір учаскелерде ауыр техника қозғалысы тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып отырғаны жасырын емес.

Депутаттардың пікірінше, мұндай түйткілдер уақтылы шешілсе, жол құрылысы тұрғындар тарапынан кең қолдау табады. Сол себепті олар тиісті басқармаларға жол бойындағы инфрақұрылымды жақсартуды, қауіпсіздік шараларын күшейтуді, әсіресе мектеп пен балабақша маңындағы жолдарға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Облыстық мәслихат депутаттары алдағы уақытта өңірдің өзге аудандарындағы жол құрылыстарымен де танысып, нақты ұсыныстарды жұмыс жоспарына енгізбек. Жоспар бойынша, 2025 жылға арналған кезекті сессия отырысында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы жөніндегі есебі тыңдалады.

Бұл есеп барысында депутаттар жол құрылысының қарқыны мен сапасына қатысты халықтан түскен сауалдар мен ұсыныстарды да жеткізетін болады.

Осылайша, Сайрам ауданындағы жұмыс сапары жол саласына қатысты өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, алдағы іс-шараларды нақтылауға мүмкіндік берді.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласының әкімі тұрғындарды жеке қабылдады

berdaly_oraz

Түркістанда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Түркістан облысында жаңа зауыттар мен кәсіпорындар салынып жатыр