ДИПЛОМ ЕМЕС, ДӘЛ ҚАЗІРГІ НАРЫҚҚА ҚАЖЕТ МАМАН: ТҮРКІСТАНДА 16 МЫҢНАН АСТАМ ЖАС ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРУДЕ

Түркістан облысында колледждердегі маман даярлау жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына қарай жаңарып жатыр. Ендігі міндет – жай ғана диплом беретін емес, өндіріс талабына сай кәсіби маман қалыптастыру.

Қазақстанда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығымен барынша жақындастыру мәселесі Үкімет деңгейінде де басты назарға алынды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Жиынға бейнебайланыс арқылы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Түркістан облысы үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өйткені өңірде бүгінде 50 колледжде 85 мамандық және 125 біліктілік бойынша 46 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 16 125 студент немесе жалпы білім алушылардың 35 пайызы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр.

Бұл – еңбек нарығына қажетті кадр даярлаудың ауқымы артып келе жатқанын көрсетеді.

КӘСІПОРЫНҒА КЕРЕК МАМАН КОЛЛЕДЖДЕН ШЫҒУЫ ТИІС

Бұрын колледж бітірген жас пен жұмыс берушінің талабы арасында алшақтық жиі байқалатын. Қазір бұл мәселені шешудің негізгі жолы – оқу бағдарламаларын кәсіпорындардың нақты сұранысына бейімдеу.

Осы мақсатта Түркістан облысындағы колледждердің оқу мазмұны жұмыс берушілермен бірлесіп жаңартылуда. Қазірдің өзінде 171 оқу бағдарламасы жаңартылып, 26 жаңа оқу бағдарламасы әзірленген. Сонымен қатар жаңа 5 мамандық пен біліктілікке лицензия алынған.

Бүгінде облыс колледждерінде 85 мамандық бойынша 427 оқу бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Ал 2026-2027 оқу жылына 15 600 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы қарастырылған. Оның ішінде 7 840 орын инженерлік бағыттарға, 2 685 орын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына бөлінбек.

Бұл көрсеткіштер кадр даярлау бағытының жай ғана санға емес, өңір экономикасының нақты қажеттілігіне қарай өзгеріп жатқанын аңғартады.

ДРОН БАСҚАРАТЫН, ЖЫЛЫЖАЙДЫ БІЛЕТІН, «АҚЫЛДЫ» ЖҮЙЕЛЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МАМАНДАР

Еңбек нарығы өзгерген сайын мамандықтар да жаңаруда.

Облыста пилотсыз ұшу аппараттарын басқару, жылыжай шаруашылығы, ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері, су шаруашылығы сияқты жаңа бағыттар енгізілуде.

Оқу процесіне қысқа өндірістік модульдер, цифрлық жабдықтармен жұмыс істеу және жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдылары енгізіліп жатыр.

Яғни бүгінгі студент тек теорияны меңгеріп қана қоймай, заманауи өндірістің технологиялық талабына дайын болуы керек.

718 КӘСІПОРЫН СТУДЕНТТЕРДІ ӨНДІРІСКЕ ҚОСЫП ОҚЫТУДА

Жұмысшы мамандарды даярлаудың ең тиімді тетіктерінің бірі – дуальды оқыту.

Қазір Түркістан облысындағы 36 колледжде дуальды білім беру ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға 718 кәсіпорын тартылып, келісімдер жасалған.

Нәтижесінде 12 293 студент өндірістік практикамен қамтылды. Ал мемлекеттік колледждердің өзінде 8 442 студент дуальды білім алуда. Бұл – олардың жалпы санының 38,7 пайызы.

Мұндай тәсілдің басты артықшылығы – студент диплом алғаннан кейін ғана емес, оқу кезінде-ақ өндірістің тынысын сезінеді. Ал жұмыс беруші болашақ қызметкерінің кәсіби қабілетін алдын ала бағалай алады.

ДИПЛОМНЫҢ ҚҰНЫН ЕҢБЕК КӨРСЕТЕДІ

Колледж студенттерінің кәсіби деңгейін бағалауда WorldSkills стандарттарының енгізілуі де маңызды қадам болып отыр.

Қазір облыстағы 31 колледжде қорытынды емтихандар демонстрациялық форматта өткізілуде. Мұнда студенттің құр теориялық білімі емес, нақты өндірістік дағдысы сыналады.

Бұл тәсілдің түпкі мақсаты біреу – оқу орнын бітірген жас еңбек нарығына дайын маман ретінде баруы.

2026 ЖЫЛЫ 13 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ШЫҒАДЫ

Биыл Түркістан облысында 13 223 түлек оқуын аяқтайды. Олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 83 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Өткен жылы 12 619 түлектің 10 219-ы жұмыспен қамтылып, көрсеткіш 81 пайыз болған.

Демек, биылғы меженің көтерілуі – колледждер алдындағы басты талаптың түлектер санын көбейту емес, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау екенін көрсетеді.

Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі біртіндеп жаңа сипатқа көшуде. Жұмыс берушінің сұранысы оқу бағдарламасына еніп, студент өндірісте тәжірибе жинақтап, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеруде.

Бүгінгі еңбек нарығына жаттанды теория емес, қолынан іс келетін маман қажет. Түркістандағы колледждер алдында тұрған негізгі міндет те – дәл осындай кадр даярлау.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте бұрын сотталған ер адам 2-сынып оқушысына азғындық жасады

Жетісайда шетелдік инвесторлар агроөнеркәсіптік өндірісті кеңейтуде

berdaly_oraz

Алаяқтардың жаңа айласы: Күштік құрылым басшыларының атын жамылып жүр

Redaktor Arysinfo