Арыстың ажары кімге аманат? Қаланы көркейтуге қомақты инвестиция құйған кәсіпорын

Қала тазалығы мен абаттандыру – тек міндет емес, үлкен жауапкершілік. Арыста осы бағытта жұмыс істеп жүрген «KazakhRealStroi» ЖШС өзіне жүктелген қызметпен шектелмей, қала инфрақұрылымына жеке қаражатын да бағыттап келеді. Кәсіпорынның инвестициясы, әлеуметтік қолдауы және күнделікті атқарып отырған жұмыстары Арыстың жайлы ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде «KazakhRealStroi» ЖШС Арыс қаласының абаттандырылуы, көгалдандырылуы, санитарлық тазалығы және сыртқы жарықтандыру жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп келеді. Мекемеде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасында 15 арнайы техника бар. Бұл техникалар қала көшелерін тазалау, суару, жолдарды жуу, абаттандыру және басқа да жұмыстарды атқаруға жұмылдырылады.

80 көше жарықтандырылды

Қала инфрақұрылымындағы маңызды бағыттың бірі – сыртқы жарықтандыру.

Бүгінде 80 көше, 23 саябақ, аллеялар мен скверлер жарықтандырылған.

Ал сметалық жобаға енгізілмеген, Арыс–Шымкент тасжолынан басталатын қосымша 40 көшенің сыртқы жарықтандыруына байланысты шығындарды кәсіпорын жеке инвестиция есебінен өтеп келеді.

Бұл жұмыстар жергілікті әкімшілік ұсыныстары мен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда.

Тазалық – күнделікті жұмыс

Арыс қаласының 55 көшесі мен 17 саябағында, аллеялары мен скверлерінде күнделікті санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, қала аумағында аптасына 2–3 рет сенбілік ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазаланады.

Кәсіпорын өз қаражаты есебінен тағы 12 көшеге санитарлық тазалық қызметін көрсетіп отыр.

Ал қаланың 46 көшесінде жол жуу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес тұрақты жүргізіледі.

Кәсіпорын қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы аясында Арыс–Шымкент және Арыс–Шардара бағытындағы жол жиектерін де қоқыс пен шөптен тазарту жұмыстарына тұрақты қатысады.

Миллиондаған теңге – қалаға салынған инвестиция

Кәсіпорынның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жауапкершілігін нақты сандар да көрсетеді.

2024 жылы Арыс қаласының кіреберісіндегі қала белгісін ретке келтіруге 2,5 млн теңге кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жұмсалған.

Қала бойынша жұмыстарды сапалы жалғастыру мақсатында 64 млн теңге жеке инвестиция тартылған.

«Секен» ойын алаңын абаттандыруға 34 млн теңге, ал арнайы техника сатып алуға 178 млн теңге жеке инвестиция бағытталған.

Осы аталған негізгі инвестициялық шығындардың өзі 278,5 млн теңгені құрайды. Ал бұған сметадан тыс жарықтандыру және басқа да қосымша жұмыстарға жұмсалып жатқан қаражат кірмейді.

Әлеуметтік жауапкершілік – қызметкерден басталады

Кәсіпорын үшін әлеуметтік жауапкершілік қала инфрақұрылымымен ғана шектелмейді.

Мекеме қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз етуге, қажет жағдайда азық-түлік және өзге де көмек түрлерін көрсетуге қолдау білдіреді.

Сонымен қатар қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлінеді. Басшылықтың шешімімен жұмысшылардың жалақысы жылына бір рет 10 пайызға дейін көтеріліп отырады.

Бұл – кәсіпорынның адам капиталын да назардан тыс қалдырмайтынын көрсетеді.

Қала үшін еңбек – күн сайынғы міндет

Арыс қаласының тазалығы мен көркі бір күндік науқанмен жасалмайды. Ол – күн сайынғы жүйелі еңбектің нәтижесі.

 

Ыстықта да, суықта да еңбек ететін жұмысшылардың маңдай тері, арнайы техниканың үздіксіз жұмысы, санитарлық тазалық, жол жуу, жарықтандыру және абаттандыру шаралары қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етеді.

«KazakhRealStroi» ЖШС алдағы уақытта да Арыс қаласының көркеюіне, санитарлық тазалығын сақтауға, көгалдандыру мен жарықтандыру жүйелерін жетілдіруге бағытталған жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Қаланың көркі – қаржыдан ғана емес, жауапкершіліктен құралады. Ал жауапкершілік нақты іске айналғанда ғана оның нәтижесі көшеден көрінеді.

Ұқсас жаңалықтар

«КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ»: БАЙЫРҚҰМҒА БИЫЛ ГАЗ ЖЕТІП, ЖАҢА СПОРТ ЗАЛ САЛЫНУДА

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА 11 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

berdaly_oraz

«Баламды алаяқ етіп көрсетудің қажеті жоқ» – Балғынбек Имашев дауға қатысты үн қатты

berdaly_oraz