«Екінші рет өмір сыйлады»: Арыс қалалық аурухана дәрігерлеріне ұстаз алғысын жаудырды

Адам өмірінде күтпеген сәттер көп. Әсіресе, жаның қиналып, өмірің қыл үстінде тұрған сәтте қасыңнан табылып, үміт сыйлайтын ақ халатты жандардың еңбегін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындай жан тебірентер жағдайды бастан өткергендердің бірі – Арыс ауданы, Монтайтас ауылының тұрғыны, Б.Онтаев атындағы жалпы орта мектептің география пәні мұғалімі Шоқақова Кәмшат.

Кәмшат ханымды улы кене шағып, ауыр халде Арыс қалалық орталық ауруханасына жеткізген. Денсаулығы күрт нашарлап, қансыраған күйінде жансақтау бөліміне түскен ол сол күндерді бүгінде ризашылықпен еске алады:

«Өмір мен өлімнің арасында жатқандай күй кештім. Сол кезде менің жанымда мейірімді де жанкешті жандар болды. Олар мені аман алып қалып, екінші өмір сыйлады. Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Абдрашев Асқарбек Исрайылұлы, сол бөлімде еңбек етіп жүрген Есмағанбетова Бақытгүл, Ботабаева Ғажайып Жаңбырбайқызы, Ақылжанқызы сынды мейірбикелердің кәсібилігі мен адамгершілігіне тәнтімін. Олар әр науқасқа өз туғанындай қарап, үміт отын жаға білді».

Ол сондай-ақ өзіне тікелей көмек көрсеткен дәрігерлерге айрықша алғыс айтты:

«Маған ем жүргізген Төлегенов Марат Асанбайұлы – аурухананың бас дәрігері, Оразбеков Нұрлан Төлегенұлы, Утегенова Нұржамал Жанысбайқызы, Ахмедов Шамистан Ахмедалиевич сынды тәжірибелі дәрігерлердің қамқорлығы мен жауапкершілігі арқасында өмірге қайта келдім. Ал бас дәрігердің орынбасары Исаев Лесхан Төрехановичтің ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжымға деген жанашырлығы ерекше әсер етті. Әрқайсысы өз саласының шынайы маманы, нағыз адам жанының емшісі».

Мұғалім сонымен бірге аурухана тазалығын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге де ерекше ризашылық білдірді:

«Тазалық — емнің жартысы. Күн сайын тыным таппай жұмыс істейтін Әшірбекова Әлия Зиябекқызы, Омарова Әсем Маметовна және терапия бөлімінің тазалаушысы Ахметова Айсұлу Тұрарқызының еңбегі елеусіз көрінгенімен, науқастардың сауығуына зор әсер етеді. Сондай-ақ сол кезде қызмет еткен Алпысбаева Ләззат пен бүгінде өмірден өткен Нұрғали есімді қызметкерге де шын жүректен алғыс айтамын. Олардың мейірімі мен еңбегі менің есімде мәңгі сақталады».

Қазір Шоқақова Кәмшат өз ауылына оралып, оқушыларының ортасында. Ол өзіне екінші өмір сыйлаған жандардың еңбегін ұмытпай, барша медицина қауымына шексіз ризашылығын білдіреді:

«Өмірім үшін күрескен әрбір дәрігер мен мейірбикеге мың алғыс! Сіздердің сабыр, жанашырлық және кәсібилік – нағыз адамдықтың көрінісі. Ақ халаттарыңыз әрдайым абырой мен сенімнің нышаны болып қала берсін!»

Арыс қалалық ауруханасының ұжымы – тек ем ғана емес, үміт пен жылу сыйлайтын үлкен отбасы. Сол ұжымның әрбір мүшесінің еңбегі – адам өмірін сақтауға бағытталған сауапты іс.

Осындай жанкешті қызметімен халықтың алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер мен мейірбикелерге, тазалық сақшыларына Шоқақова Кәмшаттың жүрекжарды сөзі көптің көңілінен шықты:

«Ақ халатты жандардың еңбегі – адамзаттың амандығы. Сіздерге шын жүректен тағзым етемін!»

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік ақын ЮНЕСКО сахнасында арнау айтты

САЙРАМДА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында әкімдік 2025-2027 жылдар аралығында бірқатар жаңа шараларды қолға алмақ

berdaly_oraz