Қазақстанда өндірістегі қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Жыл сайын жүздеген адам жұмыс орнында түрлі деңгейдегі жарақат алып, кейбірі өмірімен қоштасады. Ең алаңдатарлығы – мұндай оқиғалардың бір бөлігі ресми статистикаға да енбей, жұмыс берушілер тарапынан жасырылатыны.
Өндірістік жарақаттану – жай ғана еңбек дауы емес, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, ескірген техника, еңбек қорғау мәдениетінің төмендігі және бақылаудың әлсіздігі қайғылы жағдайлардың басты себептерінің бірі болып отыр.
Кей кәсіпорындар беделіне нұқсан келеді немесе жауапкершіліктен құтыламыз деген оймен жазатайым оқиғаларды тіркемей, мәселені жабулы қазан күйінде қалдыруға тырысады. Соның салдарынан зардап шеккен жұмысшылар заңмен қарастырылған өтемақы мен әлеуметтік қолдаудан қағылып жатады.
Мамандардың пікірінше, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтіп қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін кәсіпорын мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет. Әрбір қызметкердің өмірі өндірістік жоспар мен пайдадан жоғары тұруы тиіс.
Өйткені кез келген өндірістік көрсеткішті қалпына келтіруге болады. Ал жазатайым оқиғадан үзілген өмірді қайтару мүмкін емес. Сондықтан өндіріс «өкініштен» арылғысы келсе, ең алдымен адам қауіпсіздігін басты құндылық ретінде қабылдауы керек.
