Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Баламекен шағын ауданы тұрғындарымен кездесіп, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін тыңдады.
Бұған дейін тұрғындар әкімнің жеке қабылдауында бірқатар өтініштерін жеткізген болатын. Осы жолы қала басшысы көтерілген мәселелердің шешілу барысын өз көзімен көру үшін шағын ауданға барды.
Кездесуде ең алдымен қоғамдық тәртіп пен тыныштық жайы сөз болды. Тұрғындар түнгі уақытта кейбір азаматтардың елсіз жерлерге жиналып, ішімдік ішіп, мазаны алатынын айтты. Әкім аудандық полиция бөліміне рейдтік шараларды күшейтуді және тәртіпті тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ тұрғындар көгалдандыру жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрап, көшеттерді тегін тарату жөнінде өтініш білдірді. Қайсар Маңқараев бұл бастаманы құптап:
– «Қаланы көркейту – ортақ жауапкершілік. Күзгі маусымда қалалық тұқымбақтан тұрғындарға тегін көшеттер үлестіріледі», – деді.
Тағы бір өзекті мәселе – ауыз су қысымының шамадан тыс жоғары болуы. Бұл кей үйлерде тұрмыстық техниканың жиі істен шығуына әкеліп отыр. Әкім жауапты мекемеге мәселені зерттеп, тиісті техникалық шешім қабылдауды жүктеді.
Кездесуде қараусыз жүрген малдардың көшелер мен аулаларға кіріп кететіні де айтылды. Бұл жағдай балалардың қауіпсіздігі мен көгалдарға зиян тигізіп отыр. Әкім мал иелеріне ескерту жасап, бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар тұрғындар балалар алаңшасын жаңарту мен мектепке апаратын жолды жөндеу қажет екенін жеткізді. Қала басшысы бұл мәселелердің барлығын жеке бақылауына алатынын айтып, сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.
