Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Бұдан кейін Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін «Шығыс» залына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухтың сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз.
Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған «Vision-2050» кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
