Қазақстан алғаш рет күнбағыс майын әлемдік нарыққа ірі көлемде жеткізетін үздік он елдің қатарына енді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміз бұл көрсеткіш бойынша 8-орынды иеленді. QazTrade мәліметінше, соңғы үш жылда май өндірісі 2,5 есе, ал экспорт көлемі 4,8 есе артқан. Бұл ретте импорт көлемі 11%-ға төмендеген.
Айта кетерлігі, Қазақстан Еуропалық Одақ елдеріне күнбағыс өнімін жеткізетін үздік үш елдің қатарына да кірді. Бұл өнім – мал шаруашылығы үшін аса маңызды шикізат. Өткен маусымда май мен шрот экспортынан 562 миллион доллар табыс түскен. Жақын болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, экспортты қарқынды дамытып келеміз. QazTrade нақты қолдау тетіктерін енгізді – сауда миссиялары, акселерация, шығындарды өтеу. Соңғы бес жылда өсімдік майы экспорты тұрақты өсіп жатыр», – деді QazTrade бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.