Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Қосағаш елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 300 орындық заманауи мектеп салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жаңа білім ошағы ауыл балаларының сапалы әрі қолжетімді білім алуына жол ашып, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, білім саласының өкілдері, ауыл ақсақалдары, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы жаңа мектептің ауыл тұрғындары үшін маңызын атап өтіп, бұл жоба болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілетті білім алуына бағытталғанын жеткізді.
«Келешек мектебі» – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге арналған заманауи форматтағы оқу орны. Мектеп кең әрі жарық сыныптармен, пәндік және зертханалық кабинеттермен толық жабдықталған. Сонымен қатар интерактивті тақталар, робототехника және IT сыныптары, компьютерлік кабинеттер, үйірме бөлмелері, жайлы кітапхана мен оқу залдары оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Оқушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы басты назарға алынған. Білім ордасы бейнебақылау жүйелерімен, өртке қарсы заманауи қауіпсіздік құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Инклюзивті білім беру талаптарына сәйкес пандустар мен арнайы санитарлық тораптар орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, жабық спорт залы, ашық спорт алаңдары мен заманауи асхана оқушылардың игілігіне берілді.
Мектептің жалпы жер аумағы 1,97 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, нысан толықтай пайдалануға берілді. Жаңа мектеп ауылдағы оқушы орындарының тапшылығын жойып, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Төлеби ауданында бірқатар ірі білім беру нысандары ел игілігіне тапсырылуда. Атап айтқанда, Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, ал Киелітас елді мекенінде 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға беріліп, өңірдегі білім беру жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Жаңа мектептердің ашылуы – ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтып, жас ұрпақтың сапалы білім алып, ел болашағына үлес қосуына бағытталған маңызды қадам.
