Кентауда тазалық шаралары жаңа форматта өтті: балалар «бір қап қоқыс – бір балмұздақ» ұранымен белсенділік танытты,-деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары тың форматта ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің бастамасымен Ш.Уәлиханов көшесіндегі №176–188 үйлердің ауласында ерекше аулаішілік жарыс өтті.
Бұл шара — қарапайым сенбіліктен бөлек, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, жас ұрпақты табиғатты аялауға баулу мақсатын көздеді. Әр аула өз аумағын қоқыстан тазартып, шөптерден арылтып, көріктендіруге атсалысты. Балалар «Бір қап қоқыс – бір балмұздақ» ұранымен белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына үлес қосты.
Игі бастама барысында қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен еңбек етіп, балаларға балмұздақ пен естелік сыйлықтар таратылды. Ұйымдастырушылар мұндай форматты қоғамдық сананы қалыптастырудың тиімді құралы ретінде бағалап отыр.
Қала тұрғындары бұл бастаманы жоғары бағалап, экологиялық мәдениетті дамыту — әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Мұндай шаралар Кентаудың өзге шағынаудандарында да жалғасады.