Мақтаарал ауданында қардың қалың түсуіне байланысты жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасау мақсатында қар тазалау жұмыстары жедел түрде басталды. Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызметтер мен жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Қазіргі уақытта аудан аумағында арнайы техника жұмылдырылып, республикалық, облыстық және ауданаралық маңызы бар автомобиль жолдарында қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Әсіресе мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен өзге де әлеуметтік нысандарға апаратын жолдардың ашық әрі қауіпсіз болуына басымдық беріліп отыр. Тайғақтың алдын алу үшін жолдарға инертті материалдар себіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Сонымен қатар, ауа райының күрт өзгеруіне жедел әрекет ету мақсатында қажетті техника мен адам ресурстары толық дайындыққа келтірілген. Тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен хабарламалар шұғыл түрде қаралып, қар басу қаупі жоғары аймақтар тұрақты бақылауға алынуда.
Жалпы, Мақтаарал ауданында қысқы кезеңді қалыпты жағдайда өткізу үшін тиісті шаралар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар қар тазалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырады.
Аудан тұрғындарына ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жолда сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылады.
