Түркістан облысының Мақтаарал ауданында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауданның коммуналдық шаруашылық саласы жаңа техникалармен толықты.
Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 239,15 миллион теңге бөлініп, қажетті техника сатып алынды. Бұл қаражатқа бірқатар заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік туды.
Атап айтқанда, ауданға:
- 11 дана трактор,
- 11 тіркеме,
- 3 жүк тиегіш,
- 11 трицикл,
- 1 гидроподъемник техникасы әкелу жоспарланған.
Бүгінгі таңда осы тізімнің алғашқы бөлігі – 11 трактор, 11 тіркеме және 3 жүк тиегіш ауданға жеткізілді. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада олардың кілтін аудан әкімі Бақыт Асанов коммуналдық қызмет өкілдеріне ресми түрде табыстады.
Әкім өз сөзінде:
«Бұл техникалар аудан тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. Елді мекендердің тазалығын арттыруға, қоқыс жинау және шығару ісін жүйелеуге үлкен мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге ықпал етеді», – деп атап өтті.
Жаңа техникалардың қолданысқа берілуі тек санитарлық тазалықпен шектелмейді. Аудан көлемінде тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде шығару, жол бойларын реттеу, көше-көшелерді күтіп ұстау жұмыстары айтарлықтай жеңілдейтін болды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға жол ашады.
Жергілікті жұртшылық жаңа бастаманы ризашылықпен қабылдап, техникалардың ел игілігіне жұмсалатынына сенім білдірді. Өйткені соңғы жылдары халық саны өсіп, инфрақұрылым дамыған сайын тұрмыстық қалдық көлемі де арта түскен. Ал қолданыстағы ескі техниканың бұл жүктемеге төтеп беруде жеткіліксіз екені байқалатын.
Мақтааралдағы бұл қадам – өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы нақты іс-шаралардың бірі. Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруда тұрғындармен бірлесе әрекет етуді көздеп отыр.
