Қоғамдағы өткір мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Бұл түйткілді шешу бағытында елімізде ауқымды реформалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы қоғам қайраткері, Қоғамдық даму институтының басшысы Мәлік Отарбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл тақырып алғаш рет Ұлттық Құрылтай алаңында ашық көтерілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде арнайы заң қабылдауды тапсырған болатын. Бүгінде бұл заң күшіне енді, ал іс жүзінде атқарылатын жұмыс ауқымы кеңейіп келеді.
– Біз отбасылық зорлық-зомбылыққа ешқандай мүмкіндік бермеуіміз керек. Бұл – заңмен ғана емес, қоғаммен, азаматтық белсенділікпен, ғылыми ізденіспен, мәдени және рухани құндылықтармен шешілетін мәселе. Тек жазалау емес, түп-тамырымен жою үшін кешенді шара қажет, – деді Мәлік Отарбаев.
Ол бұл бағытта тәуелсіз ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, идеология мен тәрбиелік бағыттағы жұмысты күшейту – зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ең тиімді жолдардың бірі.
– Мәдениет төмендеген сайын заң көбейе береді. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әдебиет пен өнер, дін мен руханият арқылы қоғамды жұмылдыру маңызды. Бұл күресте әрбір азаматтың белсенділігі қажет, – деді ол.
Мәлік Отарбаевтың бұл пікірі қоғамда үлкен қолдауға ие болып, әлеуметтік желі мен қоғамдық пікірталастарда кеңінен талқылануда.