Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау дәстүрлі түрде жалғасуда. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Қабылдау барысында жауапты басқарма басшылары да қатысып, көтерілген мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды.
Кездесуге Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Сарыағаш, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындары келді. Азаматтар коммуналдық шаруашылық, экология, заңсыз құрылыс, тұрғын үй сапасы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік пен білім беру саласына қатысты өзекті мәселелерін жеткізді.
Мәселен, Сарыағаш ауданының тұрғыны кәсіпкерлік нысанына байланысты проблеманы ортаға салса, Жетісайдан келген азамат әлеуметтік қызмет сапасына шағымданды. Кентау тұрғыны ауыз су мен қоқыс полигоны мәселесін көтерсе, қазығұрттық тұрғын үй сапасына байланысты уәжін айтты. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтар өз өңірлерінің әлеуетін арттыруға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Нұралхан Көшеров тұрғындармен ашық диалог құрып, айтылған мәселелердің әрқайсысы заң аясында қаралатынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, өңірді дамытуда халықтың пікірі мен ұсынысы ерекше маңызды. Қабылдау соңында әрбір өтініш жеке тіркеліп, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
