Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Аймақ басшысы халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдегі өзекті мәселелерге қатысты нақты мәліметтермен бөлісті.
Кездесу барысында әкім өткен жылы көтерілген сегіз мәселенің алтауы шешімін тапқанын, қалған екі мәселе бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Ол Көктөбе ауылына газ тартылғанын, Төрткүлдегі аспалы көпір шатыры жөнделгенін және Бөген ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылғанын атап өтті.
Экономика мен инвестиция – басым бағыттар
2024 жылы Ордабасы ауданына 45,4 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 31,5 млрд теңгесі – жеке секторға тиесілі. Биыл бұл көрсеткішті 53 млрд теңгеге дейін арттырып, 11 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл жобалар аясында 685 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Индустриалды аймақта жалпы құны 36 млрд теңге болатын 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Трактор құрастыру, болат құю, алюминий өндірісі мен тамақ өнеркәсібі сынды жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отыр.
Инфрақұрылымда – ілгерілеу
Аудан бойынша 57 елді мекеннің барлығы электр желісімен толық қамтылған. 2023 жылы 6 жаңа трансформатор орнатылды. Сонымен қатар, 37 ауыл табиғи газбен қамтылған, тағы 10 нысанға газ тарту үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Ауыз су мәселесі де басты назарда. 54 елді мекенге таза су жеткізілсе, биыл қалған 3 ауыл осы тізімге қосылады. Ішкі жолдар мен көшелерді асфальттау жұмыстары да қарқын алған.
Ашық әкімдік – ашық диалог
Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке өтініштерін тыңдады. Әрбір мәселе назарға алынып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері өңірдегі барлық аудан мен қалада жалғасатын болады. Жеке қабылдауға жазылу «еOtinish» платформасы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.