Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық инвестициялық форумға келген шетелдік инвесторлар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырып, өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін жан-жақты таныстырды. Делегация сапары Қазақстанның рухани орталығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталды. Қонақтар ЮНЕСКО тізіміне енген көне мұраның тарихымен танысып, киелі шаһардың қалыптасу кезеңдері туралы мағлұмат алды.
Одан кейін инвесторлар «Этноауыл» мәдени-туристік кешеніне барып, қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен қолөнерінің ерекшеліктерін тамашалады. Қонақтарға дәстүрлі ән мен күйден арнайы бағдарлама ұсынылып, жас спортшылар қазақ күресі, асық ату, бөрене көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар көрсетті. «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі мен «Жаңа леп» тобының өнері делегация мүшелерінің жоғары бағасына ие болды.
Ірі халықаралық компаниялардың басшылары Түркістанның мәдени мұрасы мен туристік мүмкіндіктерін, сондай-ақ өңірдегі инфрақұрылымның даму деңгейін жан-жақты зерттеді. Инвесторлар сапар барысында қолөнершілер орталығына барып, жергілікті шеберлердің ұлттық нақыштағы бұйымдарын көрді. Қолөнер саласының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытып, бірлескен жобаларға дайын екенін білдіргендер болды.
Айта кетейік, Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемдік деңгейдегі компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша аймақтың экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Ауқымды шараның басты мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, шетелдік инвесторлармен экономикалық байланыстарды нығайту және өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасау.
