Ордабасы ауданында Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Көктемнің келуін айшықтайтын дәстүрлі мейрам ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталды.
Мерекелік шараның басты ерекшелігі – аудан тұрғындары мен қонақтарына бір тонна наурыз көже таратылуы болды. Ынтымақ пен берекенің символына айналған бұл игі іс-шара Ордабасы тауында ұйымдастырылды.
Ұлттық дәстүрлер қайта жаңғырды
Мереке аясында аудан орталығында киіз үйлер тігіліп, олардың ішінде қазақ халқының көне тұрмыстық дәстүрлері көрсетілді. Қонақтар:
✔ Шаш өру,
✔ Соқыр теке,
✔ Жүн түту, жүн сабау,
✔ Ұршық иіру, құрт жасау сынды ұлттық дәстүрлердің көріністеріне куә болды.
Сондай-ақ, ұлттық тағамдар ұсынылып, дастарқан жайылды.
Спорттық сайыстар мен жәрмеңкелер өтті
Наурыз мейрамына орай түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, аудан кәсіпкерлері мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің көрмесі өтті. Бұл шара жергілікті өндірісті дамытуға және ұлттық тағамдардың танымалдылығын арттыруға бағытталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, Наурыз мерекесі Ордабасы ауданында кеңінен аталып өтті. Бұл қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттауға және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ерекше шаралардың бірі болды.