Ордабасыда ерлік: полицейлер ер адамды өлім аузынан арашалап қалды

Түнгі тыныштықты бұзған дабыл Ордабасы ауданының тәртіп сақшыларын елең еткізді. Сағат 22:20 шамасында аудандық полиция бөліміне түскен хабарламада жергілікті тұрғын күйеуінің мас күйде жанжал шығарып, отбасының тынышын алғанын айтқан.

Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторлары Р.Амангелдиев, Б.Қонысәлі және М.Ахметтар жағдайдың ушығып кеткенін аңғарды. Үй иелерінің айтуынша, ер адам ауладағы қораға кіріп, қайта шықпаған. Полицейлер шұғыл түрде ішке өтуге тырысқанда, есіктің іштен бекітілгенін байқайды.

Төтенше шешім қабылдаған тәртіп сақшылары терезені балтамен ашып, ішке енгенде, жүректі суытатын көрініске тап болды: ер адам жіпке асылып тұрды. Бір сәт те кідірместен, олар жедел әрекетке көшіп, жіпті кесіп, ер адамды тірі қалдырды. Құтқарылған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылды.

Қазіргі таңда оның өміріне қауіп жоқ. Оқиғадан кейін ерлі-зайыптылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, отбасындағы ахуалды реттеуге назар аударылды.

Полиция қызметкерлерінің шапшаңдығы мен кәсіби біліктілігі бір жанды ажалдан арашалап қалды. Бұл – бейбіт күннің батырлары екенін тағы бір мәрте дәлелдеген оқиға.

Ұқсас жаңалықтар

Мақтааралда мектеп формалары тігілетін болады

6–9 МАМЫР: ШЫМКЕНТТЕ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР

berdaly_oraz

Еңбек қауіпсіздігін сақтамағандарға қатаң шаралар енгізілді

berdaly_oraz

Пікір жазу