Сурет: Arysinfo.kz | Автор: Бердалы Ораз
Арыс қаласы тұрғындарының газ тарифін төмендету жөніндегі ұсыныстары қаралып, нәтижесінде жеке тұлғалар үшін табиғи газ бағасы төмендеді.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Қолданыстағы шешімге сәйкес, газды пайдаланатын жеке тұтынушылар үшін табиғи газдың жаңа тарифі 1 текше метріне 46 теңге 80 тиын болып белгіленді. Аталған баға қосылған құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде бекітілген. Жаңа тариф желтоқсан айынан бастап күшіне енгені туралы Arysinfo.kz ақпарат агенттігіне мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін арыстық тұрғындар Arysinfo.kz ақпарат агенттігіне хабарласып, ЖШС «Otebay gaz» тарапынан табиғи газ тарифінің шамадан тыс қымбаттағанын айтып, өз шағымдарын жеткізген болатын. Қала тұрғындары газ бағасының әлеуметтік жағдайға кері әсер етіп отырғанын алға тартып, жауапты мекемелерден нақты шешім қабылдауды сұраған еді.
Тұрғындардың көтерген мәселесі назарға алынып, тиісті органдар тарапынан қаралғаннан кейін тарифті төмендету жөнінде шешім қабылданды. Бұл қадам Арыс қаласы халқы үшін әлеуметтік маңызы бар оң өзгеріс ретінде бағаланып отыр.
