Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында елді мекендердің көркін арттыру және инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған жобалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бірқатар абаттандыру жұмыстары аудандық бюджет есебінен іске асырылған. Атап айтқанда, туризм әлеуеті жоғары аумақтардың бірі саналатын Арыстанбаб кесенесі маңына ерекше назар аударылған. Кесене жанындағы айналма жол бойындағы қасбеттер жаңартылып, аумақ бірыңғай сәулеттік стильге келтірілді. Бұл зияратшылар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Түркістан – Шәуілдір» бағытындағы ауданға кіреберіс бас қақпа толық абаттандырылып, Отырардың жаңарған келбеті айқындала түсті.
Аудан орталығы Шәуілдір ауылында да инфрақұрылымдық жаңарту жалғасуда. Ұ.Арғынбеков даңғылы бойында 8 шақырымнан астам аумақты қамтитын көшелерге жарықдиодты шамдар орнатылды. Жаңа жарықтандыру жүйесі түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, энергия үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Отырар ауыл округіне қарасты Арыс елді мекеніндегі Малдыбеков көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынып, толық жарықтандыру жүргізілді. Ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын бұл жоба әсіресе тұрғындар мен оқушылардың қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да аудан аумағында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
