Ақынның баспа машинкасы, алтын қалта сағаты, қолжазбалары мен сирек кітаптары – ұлт тарихынан сыр шертетін жәдігерлер. Түркістандағы Ясауи музейінде Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» көрмесі ашылды.
Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың өмір жолын танып-білу – өткенді зерделеп, бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудың маңызды бөлігі. Әсіресе елдің руханиятына, әдебиеті мен қоғамдық өміріне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің мұрасын түпнұсқа жәдігерлер арқылы таныту айрықша мәнге ие. Осы мақсатта Түркістан қаласындағы Ясауи музейінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинге арналған тағылымды көрме көпшілік назарына ұсынылды.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қолдауымен ұйымдастырылған көрмені Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясына қарасты Сәкен Сейфуллин музейі әзірлеген. Экспозицияның басты ерекшелігі – ақынның тұлғасын шығармалары арқылы ғана емес, өзі пайдаланған бұйымдары, сирек басылымдары, қолжазбалары мен тарихи құжаттары арқылы кеңінен танытуында.
Көрменің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев және Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов қатысты. Олар көрменің тарихи-танымдық маңызына тоқталып, ұлттық мұраны сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Экспозиция ақынның өмір жолын, шығармашылығын және қоғамдық-мемлекеттік қызметін қамтитын үш бөлімнен тұрады. Әр бөлім Сәкен Сейфуллиннің өміріндегі маңызды кезеңдерді ашып, оның тұлғалық болмысын әр қырынан танытады.
Алғашқы бөлімде ақынның балалық шағы, отбасы, білім алуы мен ұстаздық қызметіне қатысты жәдігерлер ұсынылған. Мұнда анасы Жамал Тышанбайқызына тиесілі ұршық пен шай салатын қорап, отбасы тұтынған бұйымдар, сирек фотосуреттер мен тарихи деректер бар. Қарапайым тұрмыстық заттардың өзі өткен дәуірдің тынысын сездіріп, қайраткердің өскен ортасы мен өмір сүрген кезеңі туралы түсінік береді.
Екінші бөлім Сәкен Сейфуллиннің мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі қызметіне арналған. Көрмеге ақынның жеке баспа машинкасы – «Ундервуд», қойын дәптері, сиясауыты, саквояжы, алтын қалта сағаты, шапаны мен тақиясы, патефоны және қызметіне қатысты құжаттары қойылған.
Бұл жәдігерлер – жай ғана көне бұйымдар емес. Олар белгілі бір дәуірдің қоғамдық ахуалын, қайраткердің күнделікті өмірі мен шығармашылық ортасын танытатын тарихи
