Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, шағын және орта бизнес нысандарының қызметімен танысты. Сапар барысында аудан басшысы жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік әлеуетін бағалап, ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады.
Алдымен аудан әкімі Береке елді мекенінде орналасқан жеке кәсіпкер «Мейірбек» наубайханасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өз қызметін 2026 жылы бастап, қысқа мерзім ішінде өндіріс көлемін ұлғайтып үлгерген. Бүгінде наубайханада нан өнімдерінің 11 түрі шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 2 мың дана өнімге дейін жетеді. Қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дайын өнімдер аудан аумағында ғана емес, көршілес аудандарда да сұранысқа ие.
Кездесу барысында аудан басшысы сапа стандарттарын сақтау, өнім ассортиментін кеңейту және өндіріс тиімділігін арттыру бағытында ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдетілген несиелеу мен инфрақұрылымдық қолдау тетіктері түсіндірілді. Әкім бәсекеге қабілетті өнім өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті нарықты отандық тауарлармен қамту өңір экономикасын нығайтудың маңызды факторы екенін атап өтті.
Сапар аясында аудан басшысы жеке кәсіпкер Нұрымбет Әбеевтің сүт өнімдерін өңдеу цехына да барды. 2022 жылы іске қосылған өндіріс орны тәулігіне 3 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында 4 адам тұрақты, 10 адам маусымдық негізде еңбек етеді. Өнімдер республика көлемінде саудаланып, тұтынушылар тарапынан оң бағасын алуда.
Кәсіпкердің айтуынша, алдағы наурыз айында тәжірибе алмасу мақсатында өзге өңірлерден білікті мамандар шақырылып, өндірістік үдерістерді жетілдіру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бұл қадам өнім сапасын арттырып, технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Жалпы, Құркелес ауылдық округіндегі өндірістік нысандардың жұмысы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етуде.
