Сарыағашта «Кавендиш» бананы өсіріліп жатыр

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығының жаңа бағыты дамып келеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан жылыжай шаруашылығына арнайы барып, экзотикалық жемістер өсірумен айналысып отырған жергілікті кәсіпкердің жұмысымен танысты. Аудан басшысы бұл бастаманың өңір экономикасы мен агросаланы әртараптандыруға оң ықпал ететінін атап өтіп, тиісті бөлімге өндірілген өнімді жергілікті нарыққа шығаруға қолдау көрсетуді тапсырды.

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елді мекеніндегі жылыжайда бүгінде әлемге кеңінен танымал «Кавендиш» банан сұрпы табысты өсірілуде. Экзотикалық жеміс 10 сотық аумақты қамтитын жылыжайда пісіп-жетілуде. Банан көшеттері 2019 жылы Түркиядан әкелініп, Сарыағаш өңірінің климаттық жағдайына бейімделген.

Кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен 1995 жылдан бері айналысады. Бұған дейін көкөніс өнімдерін өсіріп келген ол соңғы жылдары тропикалық жемістерді жерсіндіруге ден қойған. Алғашқы кезеңде банан өсімдігіне бейімделу оңай болмағанымен, тұрақты күтім мен қолайлы микроклиматтың арқасында бүгінде жоғары өнім беріп отыр. Қазіргі таңда банан жапырақтарының биіктігі 3 метрге, сабағы 10 метрге дейін жеткен.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – Сарыағаш өңірінің топырағы мен климаттық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығында жаңа өнім түрлерін дамыту.

Айта кетейік, аталған жылыжайда бананмен қатар папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе және питайя секілді өзге де экзотикалық жемістерді өсіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жылыжайда температура мен ылғалдылық талапқа сай тұрақты сақталып, нәтижесінде экологиялық таза әрі сапалы өнім алынуда.

Ұқсас жаңалықтар

АУЫЛ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА КҮШ САЛАМЫН

Redaktor Arysinfo

Қазақстандағы әлем чемпиондары ең көп шыққан аудан – Шардара

berdaly_oraz

Келес тұрғыны ашқан цехта күніне 500-ге жуық шұлық шығады