Шағыр мен Бақырша ауылдарында ауыз су мәселесі шешімін тапты

Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округіндегі Шағыр және Бақырша елді мекендерінің тұрғындары бірнеше күн бойы ауыз су тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірген болатын. Бұған дейін Arysinfo.kz тілшісі ауыл халқының жанайқайын жария еткен еді. Ауылдағы инфрақұрылымдық мәселенің ушығуы, судың жоқтығы мен электр жарығының жиі сөнуі – тұрғындардың күнделікті тұрмысына кері әсер етіп, наразылық тудырған. Жауапты мекеме – «Ақаба-Сервис» ЖШС мен жергілікті әкімдіктің әрекетсіздігі сынға ұшырап, халық арасында наразылық күшейген болатын.

Мақала жарияланғаннан кейін көп ұзамай тиісті тараптар шұғыл шара қабылдауға кірісті. «Ақаба-Сервис» ЖШС аталған мәселені назарға алып, нақты қадамдар жасай бастады. Сонымен қатар, Монтайтас ауылдық округінің депутаты Маханбет Төлебеков те жағдайды бақылауға алып, тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал етті.

Бүгінде Шағыр мен Бақырша елді мекендері Арғынбай құдығы деп аталатын сайда орналасқан жер асты ұңғымаларынан тұрақты түрде ауыз су алып отыр. Аталған су көзіне 50 және 65 текше метрлік жаңа су жинау цистерналары орнатылды. Бұл жаңғырту жұмыстарының арқасында ауыл тұрғындары күнделікті тұрмысқа қажетті ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болды.

Шағыр ауылында қазіргі таңда жаңа су ғимаратының жер асты ұңғымаларын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара су сапасын арттыруға және жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал Бақырша елді мекенінде бұған дейін су тұтыну есептегіш құралдарсыз жүргізіліп келген болатын. Қазір бұл ауылда заманауи водомерлер орнатылып, су тұтыну мөлшері нақты есепке алынуда. Сонымен қатар, Арғынбай құдығындағы ұңғымаға қосымша дәл осындай көлемдегі цистерна орнатылып, су реттеу жүйесі – насостар, ашып-жаппалар және воздушный вантуз сынды су құрылғылары толығымен жаңартылды. Қазіргі таңда ұзындығы 250 метрге жететін су құбыры қайта жаңартылып жатыр.

Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, жүргізілген жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Су жүйесін жаңғырту, ауыл инфрақұрылымын жақсарту мақсатында алдағы уақытта да кешенді шаралар қолға алынбақ. Қазірдің өзінде екі ауыл да ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.

Бұл өзгерістер Шағыр мен Бақырша ауылдары тұрғындарына үлкен демеу болып отыр. Бұған дейінгі қиындықтарға қарамастан, халықтың үнін естіп, нақты әрекет жасаған жауапты тараптарға тұрғындар ризашылық білдіруде. Сонымен қатар, бұл жағдай ауылдағы маңызды мәселелерге дер кезінде назар аудару қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов «Назарбаев университетіндегі» отандық мамандардың аздығына алаңдаушылық білдірді

berdaly_oraz

Шымкент пен Инчхон арасында тікелей әуе рейсі ашылды

Шымкент: Кең Баба саябағында орналасқан заңсыз дүңгіршектер сүріліп жатыр

berdaly_oraz

Пікір жазу