дереккөз фото:Aikyn.kz
Синоптиктердің болжамынша, шілде айында Қазақстанның бірқатар өңірлерін аптап ыстық жайлайды. Әсіресе елдің оңтүстік және батыс аймақтарында ауа температурасы +45…+50 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.
Солтүстік және шығыс өңірлерде де күн райы қалыпты көрсеткіштен жоғары болады. Мамандардың мәліметінше, бұл аймақтарда ауа температурасы +42…+43 градусқа дейін ысуы мүмкін. Мұндай ыстық тұрғындардың денсаулығына, ауыл шаруашылығына және су ресурстарына қосымша салмақ түсіреді.
Төтенше жағдайлар қызметі мен дәрігерлер азаматтарға күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, көп мөлшерде су ішуге және күннен қорғайтын құралдарды пайдалануға кеңес береді.
Биылғы шілде соңғы жылдардағы ең ыстық айлардың бірі болуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан мамандар ауа райы туралы ресми ақпараттарды қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
